ЖЖБИ-дың алдын алу туралы барлық мағлұмат

АИТВ-дан басқа жыныстық жолмен берілетін отыздан астам бактериялар, вирустар, паразиттер мен саңырауқұлақтар бар. Біз қандай аурулар жиі кездесетінін, олардың қандай белгілері бар екенін және ауырмау үшін не істеу керектігін талдадық.

 ! Төменде көрсетілген барлық аурулардан ең тиімді қорғаныс туралы еске саламыз — презервативтерді үнемі қолдану және ЖЖБИ-ге үнемі талдама жасау.

 

Адамның папиллома вирусы (АПВ)

Бұл жыныстық жолмен берілетін ең көп таралған аурулардың бірі: қазір әлемде АПВ жұқтырған кем дегенде 660 миллион адам бар, жыныстық белсенді халықтың 80%- нда вирус бар. Бұл сүйелдерді папилломавирустар тудырады. Қазіргі уақытта адамда вирустың 600-ден астам штаммы анықталды. Олардың 40-тан астамы жыныс мүшелері мен анусқа әсер етуі мүмкін. Әрі қарай біз вирустың осындай штаммдары туралы айтып береміз.

АПВ-ның таралуы пандемия болса да, шамамен 90% жағдайда вирустың инфекциясы клиникалық түрде көрініс бермеййді. АПВ-ның қауіптілігі — бұл ағзада көптеген жылдар бойы «ұйықтап жатқан» күйде болуы мүмкін (АИТВ сияқты), содан кейін қауіпті ауруды туындатуы ықтимал. Сонымен, адам папилломавирусынан туындаған қатерлі ісіктерден жыл сайын 300 мыңнан астам адам қайтыс болады.

АПВ-ның симптомдары

Жыныс мүшелерінде немесе жыныс мүшелерінің айналасындағы теріде, сондай-ақ анустың ішінде немесе айналасында сүйел тәрізді өсінділер пайда болады. Бастапқыда олар кішкентай, бірақ кейінірек диаметрі бір сантиметрге жетіп, қышу немесе аналдық жыныстық қатынас кезінде қан кету түрінде үнемі ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.

Қалай беріледі

Инфекцияның негізгі жұғу жолы — жыныстық (аналдық, қынаптық және ауыз арқылы  берілу жолдары). Инфекция терінің микросызаттары арқылы да пайда болуы мүмкін (мысалы, АПВ бар серіктесінің жыныс мүшелеріне қол тигізгеннен кейін).

Сондай- ақ, вирусты қоғамдық орындар — монша, дәретханалар, бассейндер, спорт залдары арқылы жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, ұстара және эпиляция арқылы өзіне-өзі жұқтыруға болады.

Емдеу

АПВ -ны ағзадан толығымен алып тастауға көмектесетін дәрі-дәрмектер мен басқа әдістер әлі жоқ: вирустың салдары ғана емделеді (сүйелдер, жасушалық өзгерістері бар тіндер).

Тіпті презервативті қолдану АПВ –ның жұғуынан қорғаудың кепілі болмағандықтан (бұл оны қолданудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді), вируспен күресудің ең жақсы жолы — жыныстық қатынас басталғанға дейінгі вакцинация.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметтері бойынша, адамның табиғи иммунитеті 90% жағдайда  2 жыл ішінде АПВ -мен күресуге мүмкіндік береді.

Папилломаларды хирургиялық жолмен жоюға болады, бірақ бұл вирустың ағзадан жойылғанын білдірмейді: мұндай косметикалық операциядан кейін жаңа рецидив пайда болуы мүмкін.

 

Гениталдық герпес

Ерінде мезгіл- мезгіл пайда болатын суықтан немесе қызба деп аталатын ахуал бәріне белгілі — бұл лабиальды герпес. Дәл осындай герпес жыныс мүшелерінде пайда болуы мүмкін және жыныстық деп аталады. Герпес екі түрге бөлінеді — 1-ші және 2-ші.

Бұл аурудың жымысқылығы — ол тек белсенді фазада көрінеді, ал қалған уақытта «қатып тұрады», сондықтан серіктес әйелде немесе серікте еркекте герпес бар екенін көрсететін сыртқы белгілерді анықтау мүмкін емес. Сонымен қатар, жыныстық герпесті лабиальды герпес тасымалдаушысынан жұқтыруға болады, ал жер беті тұрғындарының 80% -нда мұндай вирус бар.

Герпестің симптомдары

Алдымен жыныс аймағында ашу сезімі пайда болады, ол кейде белсенділііктің азаюымен, бас ауруымен және жалпы әлсіздікпен бірге жүреді. Бірнеше күннен кейін зақымдану орнында мөлдір сұйықтық толған кішкентай көпіршіктер пайда болады. Біраз уақыттан кейін олар жарылып, көпіршіктердің орнында бірнеше күннен кейін емделіп кететін ауыратын жаралар пайда болады.

Қалай беріледі 

Шырышты қабық арқылы да, тері арқылы да берідеді. Сондықтан презервативті қолдану герпестен қорғауға кепілдік бола алмайды (дегенмен  біз оны әрқашан қолдануға кеңес береміз).

Сонымен қатар, біз айтып өткеніміздей, жыныстық герпесті ауыз жыныстық қатынасы нәтижесінде лабиальды герпеспен (ерніндегі «суық») ауыратын адамнан жұқтыруға болады.

Жұғудың ең жоғары қаупі — серіктес адам белсенді фазада герпеспен ауырған уақыт (бөртпелер бар).

Емдеу және сақтану

Жұғу қаупі өте жоғары, өйткені: а) адамдардың көпшілігінде герпестің бір немесе басқа да түрі бар; б) вирус тек шырышты қабық арқылы ғана емес, тері арқылы да таралады. Сонымен қатар, егер вирус ағзаға өтсе, одан құтылу мүмкін емес, өйткені ол жүйке жасушаларының генетикалық аппаратына енеді. Сонда нақты не істеуге болмайды — белсенді кезеңде герпеспен ауыратын серіктеспен жыныстық қатынасқа түсуге болмайды.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні вирустан кепілді түрде құтылудың жолдары ойлап табылған жоқ. Герпес ыңғайсыздықтан басқа бөгде салдарға әкеліп соқпайды, ол іс жүзінде ешқашан асқынбайды, ал өршу кезінде дәрігерден тағайындауға болатын вирусқа қарсы препараттарды үнемі қолдану жақсы көмектеседі – осы жақсы жаңалық болып табылады.

 

В гепатиті

Бауырға әсер ететін және кейбір жағдайларда жедел немесе созылмалы ауруларды тудыратын вирустық инфекция. ДДҰ мәліметтері бойынша 2015 жылы В гепатиті 257 миллион адамда анықталды, ал 2017 жылға қарай жаңа жұқтырғандар саны 1,1 миллион адамға жетті.

АИТВ-оң нәтижелі адамдар арасында В гепатиті вирусын жұқтырғандардың айтарлықтай жоғары пайызы байқалады – ДДҰ-ның мәліметтері бойынша бұл жалпы санның 7% — дан астамы.

В гепатитінің симптомдары

Вирустың инкубациялық кезеңі орта есеппен 2,5 айды құрайды, алайда алты айға созылуы мүмкін. Гепатит белгілері кезінде тек клиникалық көрініске сүйене отырып, бұл В гепатиті екенін түсіну мүмкін емес — зертханалық зерттеулер арқылы диагнозды растау қажет.

Ересек адамда вирусты жұқтыру 5% — дан аз жағдайда созылмалы гепатитке әкеліп соғады және көбінесе инфекция симптомсыз жүреді. Алайда кейбір жағдайларда көздің және терінің сыртқы қабығының сарғаюы, зәрдің қараюы, әлсіздік, жүрек айну мен құсу, іштің ауыруы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін.

Созылмалы В гепатитінің ықтимал салдары — цирроз, бауыр обыры (20-30%), бауыр жеткіліксіздігі, бауырдың созылмалы инфекциясы.

Қалай беріледі

Вирус өте төзімді және денеден тыс, кем дегенде, жеті күн өмір сүре алады. В гепатитінің ең көп тараған берілу жолдары — анадан балаға (перинатальды) немесе ластанған қанмен байланыс арқылы (көлденең). Соңғы уақытта қорғалмаған жыныстық қатынас (аналдық, қынаптық, ауыз арқылы) нәтижесінде вирусты жыныстық жолмен жұқтыру жағдайлары көбейіп келеді.

Сондай-ақ, вирусты жалпы ине шаншу, татуировка, пирсинг және шәуіт, сілекей, етеккір немесе қынап бөлінділері сияқты дене сұйықтықтарымен байланыс арқылы жұқтыруға болады.

Емдеу және сақтану

В гепатитінен қорғанудың ең сенімді әдісі (98-100% кепілдік) — вакцинация. Сонымен қатар вирусқа қарсы иммунитетті сақтау үшін әр бес жыл сайын қайта вакцинациялану қажет. Сізде В гепатитіне қарсы вакцина бар-жоғын және ревакцинация қажеттігін түсіну үшін, антиденелер мен антигендерге талдау жасатыңыз.

Презервативті қолдану вирустың жыныстық жолмен берілуінен жүз пайыз қорғайды.

Сирек жағдайларда (10-40% — дан аспайтын) созылмалы В гепатиті инфекциясы кезінде терапия тағайындалуы мүмкін. В гепатиті кезінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін аурудың сатысына қарамастан, терапия көрсетіледі. ДДҰ мәліметтері бойынша ең тиімді препараттар — тенофовир және энтекавир. Сонымен қатар, көп жағдайда терапия В гепатитінен толық емдемейді, тек вирустың таралуын тежейді. Сондықтан пациенттер көбінесе өмір бойы терапия алуы керек болады.

 

Мерез

Ежелгі заманнан бері белгілі созылмалы жұқпалы ауру, оның қоздырғышы бозғылт трепонема бактериясы болып табылады. Болжалды шыққан жері бойынша мерезді әр уақытта «француз», «неаполитан», «испан», «неміс» ауруы деп атаған.

Аурудың сатысына байланысты мерез ішкі ағзаларға, жүйке жүйесіне, теріге, сүйектерге және дененің шырышты қабаттарына әсер етеді. Қаралмаған жағдайларда ауру ауыр зардаптарға, тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда инфекцияны барлық кезеңдерде емдеуге болады.

Қазақстанда орта есеппен 100 мың тұрғынға шаққанда мерезбен ауыратын адам 25,7.

Мерездің симптомдары

Аурудың инкубациялық кезеңі 3-4 апта, бірақ кейбір жағдайларда бұл кезең аз (8-15 күн) немесе айтарлықтай ұзағырақ (3-6 ай) болуы мүмкін.

Содан кейін, егер адам уақтылы емделмесе, аурудың 3 кезеңін дәйекті түрде дамиды.

Орташа алғанда 6-7 аптаға созылатын бастапқы мерез кезінде бактериялар енетін жерде (бұл, әдетте, жыныс мүшелерінің шырышты қабаты немесе ауыз қуысы) кішкентай жара —  қатты шанкр пайда болады Бұл адамға қолайсыздық туғызбайды және шанкр ауыз қуысында болса, оны механикалық зақымданумен немесе баспамен шатастыруға болады. Сондай-ақ қатты шанкр пайда болғаннан кейін оған жақын лимфа түйіндері қабына бастайды. Осыдан кейін ауру біраз уақытқа дейін белгі бермейді. Мерездің бұл кезеңінде медициналық көмекке жүгіну өте сирек кездеседі, өйткені жағдайдың айтарлықтай нашарлауы байқалмайды.

Екінші мерез бастапқы мерездің белгілері аяқталғаннан кейін 3-4 аптадан соң дамиды. Сыртқы жағынан, бұл кезең, әдетте, алақан мен буындарда пайда болатын, содан кейін бүкіл денеге таралатын бозғылт бөртпелермен сипатталады. Сондай-ақ қайталама мерез кезеңінде дененің барлық мүшелері мен жүйелері зардап шегеді. Кезең 2 жылдан 4 жылға дейін созылуы мүмкін. Әдетте, аурудың осы кезеңінде адам дәрігерлерге жүгінеді.

Егер адам қайталама мерезді емдемесе немесе емдеу дұрыс жүргізілмеген болса, ауру үшінші, ең қауіпті кезеңге өтеді. Ол иммундық жауаптың тиімділігінің әлсіреуімен сипатталады, адамда барлық мүшелер мен тіндердің терең зақымдануы және өзгеруі дамиды. Мерездің бұл кезеңінде ағзадағы өзгерістерді қайтаруға болады, бірақ аурудың елеусіз қалуына байланысты, адамда сал ауруы және жүйке жүйесінің басқа асқынулары дамуы мүмкін.

Қалай беріледі

Аурудың берілуінің негізгі жолы — жыныстық қатынас. Сонымен қатар соңғы уақытта ауыз арқылы жыныстық қатынасқа түсу нәтижесінде жұқтырғандар үлесінің өсуі байқалады: әр түрлі мәліметтерге сәйкес, бұл мерез алғаш рет анықталған адамдардың 20-30 пайызы (бұл сандар тіпті төмендетілген деген пікір бар). Сондықтан презервативті ауыз арқылы жыныстық қатынас кезінде де қолдану маңызды.

Сондай-ақ ауру қан құю арқылы, жалпы шприцтерді қолдану арқылы және анадан балаға берілуі мүмкін. Мерездің тұрмыстық жолмен берілу жағдайлары өте сирек кездеседі, зәр мен тер арқылы берілу мүмкіндігі дәлелденбеген, ал сүйісу арқылы инфекция науқастың аузында бөртпелер болған жағдайда ғана берілуі мүмкін.

Емдеу және алдын алу

Негізінен мерез жыныстық жолмен берілетіндіктен, алдын  алудың негізгі құралы – презервативтер болып табылады, соның ішінде ауыз жыныстық қатынасы кезінде. Сондай-ақ, ЖЖБИ-ге мезгіл-мезгіл тест тапсыру өте маңызды, өйткені бастапқы мерездің айқын белгілері болмайды.

Бозғылт трепонема — бұл осы уақытқа дейін пенициллинге төзімділікті дамытпаған жалғыз микроорганизм. Сондықтан емдеудің негізгі әдісі науқасқа пенициллиннің негізінде дәрі-дәрмектерді тағайындау болып табылады.

Заманауи диагностика мен дәрі-дәрмек деңгейінде мерезді толығымен емдеуге болады, бірақ аурудың ағымы ұзақ болса (үшінші мерез), адамда мүгедектікке әкелетін ауыр, қайтымсыз асқынулар дамуы ықтимал.

Сондай-ақ анықталған мерезбен науқастың барлық жыныстық серіктестері міндетті түрде емделеді (бастапқы мерезбен — соңғы 3 айдағы барлық серіктестері, екінші — соңғы жылдағы барлық серіктестері).

 

Гонорея

Қоздырғышы гонококк бактериясы болып табылатын ауру.

Гонорея белгілері

Бактериялар денеге енгеннен кейін 3-7 күннен кейін пайда болады және көбінесе ауру жедел жүреді. Негізгі белгілері: уретраның жедел шаншуы және ауыруы, ауырсына жиі зәр шығару, уретрадан немесе қынаптан ірің ағу, кейде тамаққа әсер етіп, температура жоғарылауы мүмкін. Сондай-ақ ауру қуыққа өтіп, несепағарға таралуы және бүйрек ауруын тудыруы мүмкін.

Алғашқы ұқсас белгілерде дәрігерге бару өте маңызды, өйткені гонорея қуық инфекциясымен оңай шатастырылады және өз бетінше емдеу кезінде ауру созылмалы түрге ауысуы мүмкін.

Өкінішке қарай, алғашқыда гонореяны жұқтырған адамдардың жартысына жуығы ешқандай белгілерді сезбейді, сондықтанда ЖЖБИ-ге жүйелі түрде тест тапсырып тұру қажет.

Қалай беріледі

Берілудің негізгі жолы — жыныстық қатынас. Сонымен қатар қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде де жұқтыру ықтималдығы 60-90%-ы құрайды. Қынаптық, аналдық және ауыз жыныстық қатынасы кезінде ауруды жұқтыру мүмкіндігі шамамен бірдей.

Сондай-ақ сирек жағдайларда ауру тұрмыстық заттар арқылы, мысалы, шүберек, сүлгі немесе киім арқылы таралуы мүмкін.

Емдеу және алдын алу

Гонореяны емдеу үшін, әдетте, антибиотиктер курсы тағайындалады, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну жағдайындағы болжам қолайлы, ал созылмалы немесе асқынған гонореямен емдеу ұзағырақ және күрделі жүреді. Сонымен қатар аурудың тағы бір қауіптілігі — 2018 жылы «соңғы үміт» деп аталатын дәрілерге (цефалоспорин антибиотиктерінің III буыны) төзімді гонорея штамдарының анықталғаны. Осыған байланысты дәрігерлер емдеуге қиын гонорея індетінің басталуын жоққа шығармайды. Сондықтан аурудың алдын алу үшін, жыныстық қатынас кезінде презервативтерді, соның ішінде ауыз презервативтерін қолдану өте маңызды, өйткені тамақтың артқы қабырғасында дамитын антибиотиктерге төзімді гонорея түрлері бар.

 

Хламидиоз

Ең көп таралған жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың бірі: бүкіл әлемде хламидиозбен ауыратындардың саны кем дегенде 1 миллиард адамды құрайды.

Хламидиоздың белгілері

Аурудың мұндай кең таралуы, ең алдымен, хламидиоз көбінесе симптомсыз болғандығынан туындайды. Симптомдардың толық болмауы 4 46% -еркектерде және әйелдердің 67% -нда байқалады.

Егер симптомдар болса да, олар айқын көрініс бермейді. Симптомдарға қынаптан сұйықтық ағу және зәр шығару кезінде ашу сезімі, дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, кейде зәрдегі немесе спермадағы қанды бөлінділер кіруі мүмкін. Егер ауру емделмеген болса, ол жоғарғы ішкі репродуктивті органдарға (аналық бездер мен жатыр түтіктері) таралып, бедеулікке әкелуі мүмкін және жамбас қабыну ауруын тудыруы ықтимал. Инфекцияның инкубациялық кезеңі 14 күннен 1 айға дейін созылады.

Қалай беріледі

Көбінесе жұғу жыныстық қатынас арқылы жүреді, бір рет қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде инфекция алу ықтималдығы орта есеппен 25% құрайды. Хламидиоздың тұрмыстық инфекциясы, әсіресе ылғалды ортада (мысалы, монша немесе сауна) болуы мүмкін, өйткені ылғалды жағдайда хламидиоздың инфекциясы 2 күнге дейін сақталуы мүмкін.

Емдеу және алдын алу

Алдын алудың негізгі әдісі — презервативті қолдану. ЖЖБИ-ге тұрақты тексерулердің маңыздылығын ерекше атап өткен жөн, өйткені симптомсыз хламидиоздың ықтималдығы өте жоғары.

Хламидиозды емдеу, әдетте, антибиотиктермен, саңырауқұлақтарға қарсы препараттармен және иммуномодуляторлармен 2-3 апта ішінде жүзеге асырылады.

 

Қорытындылай келе, біз тағы да еске саламыз: әрқашан презервативтерді қолданыңыз және ЖЖБИ-ге тест тапсыруды ұмытпаңыз, өйткені кейбір аурулар ұзақ уақыт бойы көрінбеуі мүмкін. Мұнда — тегін презервативті қалай алуға болатыны жайлы ақпарат.

 

Ақпарат  https://amanbol.kz/ сайтынан алынған.